Меню KDT

logo.jpg?_=1502946731

   

logoimg2.jpg?_=1544615628
baiterek2.jpg?_=1461729572

1    

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мектебімізде "Денсаулық формуласы" атты 8 - 11 сыныптар арасында спорттық жарыстар өткізілді.


Тақырыбы: «Ғасыр дерті» (конференция)

Мақсаты: оқушыларға темекі, арақ, есірткі, СПИД-тің қазіргі таңдағы адамзаттың басты проблемасы екенін, оның зиянды жақтарын түсіндіру, ғасыр дертіне айналып отырған кеселдердің залалын жан-жақты меңгерту, зиянды заттардан барынша аулаөқ болуға шақыру, сана сезімдерін дамыта түсу.

Көрнекіліктері: сызбалар, плакаттар, баяндамалар, суреттер, нұсқаулық-кітапшалар, нақыл сөздер.

Мұғалім: Қош келдіңіздер, бүгінгі конференцияға жиналған қауым! Сіз бен біз бүгін оқушылар арасында өткелі отырған «Ғасыр дерті» атты конференцияға жиналып отырмыз. Бұл конференцияның мақсаты – темекі,арақ, нашақорлық, СПИД туралы мағлұматтар бере отырып, оқушыларды осы зиянды әдеттерден қорғау, қарсы күресе білуге шақыру. Ендігі сөз кезегі сынып оқушыларында.

1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін біз оқушылар арасында «Ғасыр дерті» тақырыбында конференция өткізгелі отырмыз, осы конференцияға шақырылған қонақтармен таныстырып өтейін:

  1. Мектеп директоры – Досмагамбетова К.Т.
  2. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары – Мұсатаева Н.Ш.
  3. Мектебіміздің мейірбикесі – Бакибаева А.С.
  4. Мектебіміздің психологы – Загипарова К.С.
  5. Биология пәнінің мұғалімі – Жусупова Ж.М.
  6. Дене тәрбиесі мұғалімі – Кусаинов А.К.

2-жүргізуші: Осы отырыста өз ойларыңызды, сіздерді толғандырып жүрген мәселелерді толық шешуге, қиналған сұрақтарыңызға қатысып отырған қонақтарымыздан жауап алуға болады.

1-жүргізуші: алдымен «Ғасыр дерті» деген не, соған тоқталып өтейік. Оқушылардан қандай жауап болар екен.

Дұрыс айтасыздар! Ғасыр дерті дегеніміз қазіргі таңда бүкіл әлемге кеңінен қанат жайып, ушығып тұрған арақ, темекі, есірткі, СПИД мәселелері. Ендеше алдыңғы кезекте темекінің зиянына тоқталайық.

2-жүргізуші: Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Жалпы адамдар  неліктен өз денсаулықтарын құртып, оны улайтындарға төзіммен қарауға тиіс? Мен барлықтарыңызды шылым шегушілерге ымырасыз болуға шақырамын», - деп есірткі, шылым, ішімдік сияқты денсаулыққа зиян келтіретін әдеттерге қарсы күрес бар екенін айтқан.

І-бөлім: Темекі

1-жүргізуші: Адам алғаш рет темекі тартқанда уланады, басы айналады, жүрегі қағады, құсады, қол-аяғы дірілдейді. Темекі тыныс алу мүшелерінің бәріне зиянды әсер етеді. Никотин тыныс алу жолдарының сілемейлі қабықшасын тітіркендіріп, оны қабындырады. Никотин қан тамырларын тарылтады. Бұл ауа тамыр және өкпе, рак ауруларына шалдықтырады. Шылым шегетіндердің 97% өкпе рагымен ауырады. Темекі түтіні өкпе тарамдарымен тыныс жолдарын бітеп, адам ағзасына қажетті оттекті мөлшерімен қамтамасыз ете алмайды. Радиоактивті заттар да бар. Күніне 1 қорап темекі тартқан адам жылына өкпесіне 1 литр қара май жинайды.

2-жүргізуші: Өкпенің қатерлі ісігімен ауыратындардың 80% темекі тартатындар. Бүкіл дүниежүзінде 1 миллиард адам темекі тартады. Темекі зардабынан жылына 25 мың адам қайтыс болады. Жүрек ауруына шалдыққандардың өлімі 20 %. Қатерлі ісік ауруынан болатын өлім 30 %, өкпе рагы 90% темекі зардабынан болады.

1-жүргізуші: Баяндама: «Шылымның адам өміріне зияны». Оқитын Ниязбек Балауса.

Балауса:

Бұл отырған шылымқор, сорады кеп шылымды ол.

Қанша айтсаң да алмайды, «тартпа» деген тіліңді.

Қой десең де қоймайды, көк түтінге тоймайды,

Сора-сора уыты өн бойына жайлайды.

Кірпік әсте қақпайды, жөтел қысып жатпайды,

Шылымсыз тек жүрмейді, жоқ боп қалса тілейді,

Бірақ оның зиянын білсе-дағы білмейді.

2-жүргізуші: Бұл тыңдағандарыңыз шылым шегудің зияны туралы өлеңнің бір шумағы. Бүгінгі әңгімеміз осы қоғамдық құбылыс туралы болмақ. Темекі шегу біздің тұрмысымызға ғана кіріп қойған жоқ, мәдениетімізге де кірді. Бір кезде ой-өрісі дамыған, мәдениетті адамға шылым шегу жараспаған. Ал кісі өліміне апаратын жаман әдет кайдан келген? Ол туралы бізге сыныбымыздың тарихшысы айтып береді.

Тарихшы (Н.Айдын): Темекі адамға ерте кезден бастап белгілі болған, оны діни ғұрыптарға пайдаланған. Еуропалықтардың шылым шегуге қатысты тарихы былайша басталған. Христофор Колумбтың әйгілі «Пинта» кемесінің матросы Родриго Грианна «Алда жер көрінеді» деп айғай салады. Олар бейтаныс құрлыққа келгенде Колумб бұл жерді ғажайып Үндістанның шығыс жағалауы деп ойлады. Осы жерде жергілікті тұрғындар Колумбқа басқа сыйлықтармен қатар «Ретум» деген шөптің кептірілген жапырақтарын ұсынады. Олар күнге кептірілген осы жапырақтарды түтікше тәрізді етіп орап шегеді екен.

     Еуропалықтарға темекі шегуді үндістер үйреткен, олар темекі түтіні арқылы масаларды қуған. Үндістердің ер адамдарымен қоса әйелдері мен балалары да темекі шеккен. Колумбтың матростары достастық белгісі ретінде «өмір түтігін, яғни темекіні шеккен».

Биолог (А.Ырысжан): Темекі алқатұқымдас класына жатады. Бұл тұқымдастың 62 түрі бар, оның 45-і Америкада, ал 21 түрі Австралия мен Полинезияда өседі. Қазақстанда темекінің үш түрі өседі. Ол бір жылдық шөп, гүлдері түтікше тәріздес жәндіктер арқылы және өздігінен тозаңданады. Жапырақтары кезектесіп өседі. Дәні қауашақ ішінде орналасқан ұсақ тұқымды, 1 грамында 10 мың тұқым болады. Құрамында никотин және басқа да улы алкалоидтар бар. Темекінің жабайы түрі өсетін жерлерде оның жапырағын жеген малдар уланып, қырылып қалады.

   Мәдени және дәрілік өсімдік ретінде тараған темекі 120 елде өсіріледі. Дүниежүзінің өндіріс орындары бір жылда 6 млн. тонна өнім шығарады. Ал Қазақстанда жылына 9 мың тонна темекі өсіріледі. Одан жылына 12,6 млрд темекі экспортқа шығарылады, 3 млдр темекі басқа елдерден алынады.

Мұғалім: оқушының осы берген ақпаратына биолог мамандардың алып қосары бар ма екен?

Сөз кезегін Жусупова Ж.М береміз. Қысқаша шолу жасап өтсеңіз.

1-жүргізуші: Адам үнемі білуге құмарланып тұрады. Осыған байланысты араларыңызда өмірде бір рет болса да темекі тартып көргендерге сұрақ қояйық. Бірінші рет тартқанда қандай күйде болдыңыз, осыдан кейін тағы да тартқыңыз келе ме, жаман әдетті неге тастап кетпедіңіз? Темекі шегу әдетке айналады. Бұл сұраққа жауапты дәрігер ретінде зерттеу жүргізген Майрадан алсақ.

Дәрігер (Майра): Темекі түтігіндегі құрамды бөліктер қанға сіңеді. 2-3 минуттан соң ми клеткаларына жетеді де, уақытша белсенділігі артады. Бұдан шылымқор өзін уақытша жақсы сезініп, тыныштанғандай болады. Бір жыл ішінде ол адам шылымқор болады. Аяқ астынан темекіні тастаған адамның басы ауырып еңсесі түсіп ашушаң күй кешеді.

Мұғалім: Оқушының осы жауабына дәрігер мамандар не дейді екен?

Сөз кезегі Бакибаева А.С өзіңізде.

2-жүргізуші: Мен мынадай сұрақ қойғым келіп тұр. Темекі шегудің аяғы жайсыз жағдайға соқтыратынын біле тұра неге адамдар темекі шегеді?

Бұл туралы сыныбымыздың социологы не ақпарат береді екен, соны тыңдайық.

Социолог (Ж.Аруай): Зерттеулер бойынша шылымқорлар темекіні тастағысы келсе де, олардың 80 пайызы өздігінен қоя алмайды екен. «Ағзамыз темекіге үйреніп қалған, денсаулығымызға зияны жоқ, керісінше тыныштандыруға көмектеседі, стресс жағдайынан арылуға себебін тигізеді» деп ойлайды. «Барлығы темекінің зияны туралы біледі, бірақ темекі шегуді неге тоқтатпайсыз?» деген сұраққа «Шаршағанымызды басады, күш беретін сияқты, шекпесем өзімді жайсыз сезінемін» деп жауап береді.

Осы ақпарат туралы мектеп психологының пікірін білсек Загипарова К.С.

1-жүргізуші: Біздің ағзамызға темекі шегу қауіпті ме?

Осы сұраққа жауап беру үшін химик ретінде зерттеу жүргізген Алинұрға сөз береміз.

Химик (Әлинұр): Темекіні сорғанда оның ұшында температура 60-90 градуска жетеді. Осы кезде құрғақ айдау үдерісі арқылы 60 қа жуық зиян түзіледі. Оның 12ісі улы. Темекіні ақырын тартқанда 20 пайыз никотин, жылдам тартқанда 40 пайыз никотин болады. Никотин ағзаға 21-23 секунд ішінде сіңеді. Адамдар үшін никотиннің 2-3тамшысы өлімге әкеліп соғады. Темекі тартқан адам 30 жыл ішінде бір кг-ға дейін никотин тартады. Темекі түтінінде никотиннен басқа да улы заттар бар. Олар: аммиак, иіс газы, синиль қышқылы, мышьяк, висмут, 20 жыл ішінде 6 кг қақ түзіледі. Тек 5 пайызы ғана фильтрде тұрады.

Мұғалім: Оқушының осы ақпаратына сіздің қосар пікіріңіз бар ма?

2-жүргізуші: Енді біз әйелдер арасындағы темекі шегушілік туралы әңгіме қозғасақ. Бұған дейін біздің қазақ қыздары, әйелдері темекі шекпеген ғой. Сіздерден сұрайтынымыз: қазіргі қыздар шылым шегуге неге құмар?  Әйел ағзасына темекі қалай әсер етеді? Бұл туралы сынып дәрігері Майрадан сұрайық.

Дәрігер (Майра): Әйелдер ағзасына темекі ерлерге қарағанда көп зиян әкеледі. егер әйел жүкті кезде шылым шексе жатырдағы балаға әсер етеді, бала өлі тууы мүмкін. Шылымқор әйелдердің 42 пайызы бала сүю бақытынан айырылады. Олардың балалары аурушаң, әлсіз болады. Шылымқор әйелдердің 30 пайызы инфаркт ауруымен ауырады. Олардың терілері сұрланып, тістері мен саусақтары сарғайып кетеді.

1-жүргізуші: темекі шегуді қалай қоюға болатынын дәрігерден сұрайық.

Дәрігер (Майра): Темекіні қоюдың әр түрлі әдістері бар. Темекіні бірден қойып кетуге немесе бірте-бірте күнделікті тартатын темекі санын азайта отырып қоюға болады. Сол сияқты дәрігерлер психотерапия, ине қою, гипноз арқылы да темекіні қойғыза алады. Бұл әдеттен арылудың негізгі жолы шылым шегушінің ниетіне байланысты.

Мұғалім: Оқушының осы ақпаратына сіздің қосар пікіріңіз бар ма?

2-жүргізуші: Жасөспірімдер біреу-міреу байқап қалмау үшін темекіні жасырынып, асығыс терең тартады. Темекінің зардабын өкпеден артық тартатын ешбір мүше жоқ. Темекі шегетіндер демікпе, қатерлі ісік, бронхит, туберкулез сияқты тыныс жолдарының ауыр науқастарына шалдығуы мүмкін.

Бронхит: Біз темекі тартқанды жақсы көреміз.

Қатерлі ісік: Біз темекі тартқанды жақсы көреміз.

Туберкулез: Сендердің сандарыңның көбейгені біз сияқты ауруларға өте жақсы.

1-    жүргізуші: Темекі тақырыбына арналған әдеби-монтажымызды бастаймыз.

Медет: Күрк-күрк көк жөтел,

Күркілдеген көк жөтел.

Жасыңнан шексең темекі,

Түбіңе сенің сол жетер.

Түтінмен ыстап өкпені,

Никотин уын төккені.

Жүректің ұстап талмасы,

Мишықтың құрғап кеткені.

Салауатты өмір сүреміз,

Темекіні шекпейміз.

Малика: Қор болған темекіге қайран жігіт,

Тұрады-ау танауынан түтін шығып,

Сасығы ық жағынан жүргізбейді,

Жағымсыз көңірсіген исі шірік.

Темірлан: Уланған темекімен қайран қыздар,

Тартқанда қыз-келіншек денең мұздар.

Тіпті де үйлеспейді нәзік жанға,

Көргенде осындайды жүрек мұздар.

Жандос: Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оң білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойыңа жәрдем беретін нәрсе.

Әнуар: Ешбір оғаш қылығыңды ұмытпаған, кешпеген,

Ол – табиғат заңдылығы ешбір ғылым шешпеген.

Көңіліме желік кірсе, қасиетті сол заңға,

Қарсы келіп қалам ба деп сескенем.

ІІ бөлім: Арақ

2-жүргізуші: Ішімдік адам баласына еш абырой әпермейді. Маскүнемдіктің негізгі және бастапқы белгілерінің бірі – мас болу үшін спирт ішімдіктерін барған сайын көп мөлшерде қажетсіну, оған қайта-қайта аңсары ауып, құмарту. Ал алкоголизмнің соңғы сатысында ішімдікті аз ішсе де адам тез мас болады. Орталық жүйке жүйесі зақымданып, соматоневрологиялық аурулар және психикалық ауытқушылық құбылыс дами бастайды.

1-жүргізуші: Арақты үнемі ішу адамгершілікке де үлкен зиян. Отбасында ұрыс-керіс, жанжалдар, балаларды оқытып-тәрбиелеудің бірқалыпты жағдайлардың болмауы сияқты арақ ішу әсерін тигізеді. Маскүнемдердің 20 пайызы кезінде арақты өздерінің ата-аналарымен бірге отырып ішкендер. Көптеген құқық бұзушылық та осы арақ ішуге байланысты. Ұрлық пен тонаушылықтың 80 пайызы мас болған жағдайда жасалынады. Өз денсаулығына да әсер етеді.

2-жүргізуші: Баяндама: «Арақ ардан бездірер». Оқитын: Ертісқызы Альбина.

Әділ: Әй,адамзат неге жүрсің серіксіз?

Тоқта! Тоқта!

Мені көрсе ішіп алар адамдар бар шыдамай,

Ішу үшін бұл өмірде сылтаулар көп мынадай:

Табысы мен атақ-даңқы, қолы жеткен мансабы,

Себепсіз құр ішу мақсат ауып кетсе аңсары.

Осы арқылы мен алдымен адамдарды жаулаймын,

Ақырында уақыт өте әлемді де қармаймын.

Н.Альбина: Тамырына құрт түсті де тектінің

Шерлі ғасыр шерменде боп, шекті мұң

Арақ сасып, шарап мүңкіп, сыра аңқып

Заман дерті санамызға септі уын.

Камилла: Ішімдікті дастарханның сәні ғып

Аяқ асты тапталды ғой ар-үміт.

Жуып-шайдық ісі ғой деп ақаңның

Жатқандарды ақыл-естен жаңылтып.

Дарын: Арақ алмап, сыра жалмап жер үстін

Күйін кештік күлде қалған кебістің.

Қоғамымның жүрегі айнып, лоқсиды.

Неге ішемін? Неге ішесің? Неге іштің?

Әлішер: Тоңсаң мені іш, жылынасың,

Қайғырғанда іш, пәлеге ұрынасың!

Ұялшақсың ба іш, батыл боласың!

15 тәулік айықтырғышқа қонасың!

Нұрсүндет: Ішсең қисаңдап жүресің,

Ретсіз ыржаңдап күлесің,

Ар-ұяттан айырыласың,

Оны өзің де білесің!

Біле тұра ішесің,

Өз кебініңді өзің пішесің.

Ұрлықты да жасайсың,

Түрмеге де түсесің.

Айша: Мен болдым ғой жексұрын да, жауыз да,

Арақ өзі құйылмайды ауызға!

Әділеттің айтыңдаршы, ағайын,

Кім кінәлі, арақ па әлде ауыз ба?

 

Терме: «Қазақ пен арақ»

 

Мұғалім тақтадағы схемадан арақ тақырыбын түсіндіреді.

ІІІ бөлім:

1-жүргізуші: Ғасыр індеттерінің бірі нашақорлық бұдан былай да адамзат тұрған жерде жойылмақ емес деген шешімге келген шетелдік ғалымдар мұны өркениетпен бірге жүретін қара құрт деп отыр.

Баяндама: «Нашақорлық – тұңғиық түбі». Оқитын: Убайдулла Асхат.

Көрініс: «Есірткі есіңді кетірер».

Барысы:

І эпизод

Сахна төрінде мектеп бітіруші түлектер «Мектеп вальсі» әуенімен билеп жүреді.

А.Аружан: Қыздар, жігіттер! Шынымен мектеп бітіреміз бе?

Нұржан: мен ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесімді қоссам деген мақсатты таңдадым.

Әділет: Нұржанды мен де қостаймын, мен еліміздің экономикасын өркендетуге өз үлесімді қоссам деген оймен экономист мамандығын таңдадым.

Бағдат: Жігіттер ауыл шаруашылығын қолдап жатыр екен, енді елдің мәдениеті де жоғары деңгейде болу керек емес пе? Асхат екеуміз өнер жолына бет бұрдық.

Әйгерім: Ал, мен мұғалім болуды мақсат еттім.

А.Аружан: Бәрің де өз арман-қиялдарыңды айтып, ішкі жан-сырларыңды ашып жатырсыңдар. Менің арманым – дәрігер болу. Қазіргі қоғамда балалар мен жасөспірімдер арасында кең етек жайған нашақорлық, темекі, арақ тағы да басқа біздің санамызды улап жатқан зиянкестермен күрессем деген сөзді көкірегіме арман етіп алдым.

Асхат: Қыздар, жігіттер! Жүріңдер дастарханға отырайық.

Бәрі шығып кетеді.

ІІ эпизод.

Сахна төрінде қыздар, жігіттер темекі тартып, ине тығып, арақ ішіп, әр түрлі іс қимыл жасап жатады. Сахнаның шетінде Әлинұр мен Әсем екеуі екі шетінде телефонмен сөйлесіп тұрады.

Әлинұр: Ана әйел әлі жіберген жоқ па тауарды?

Көмекшісі: 3 күн болды, әлі жоқ, клиенттер бізден кетіп жатыр.

Әлинұр: Қазір телефон соғып білеміз. Егер болмаса, көзін құрту керек ол әйелдің. Телефонын алып Алло, Әсем тауарды қашан жеткізесің? 3 күн болды ғой. Клиенттер күтіп қалды.

Әсем: Енді ашуыңды басып, бір шешімге келейік. Маған да оңай емес таможнядан алып шығу.

Әлинұр: Мен ешнәрсені білмеймін, бүгін жеткізе алмасаң бұл өмірмен қоштаса бер. Біз келіскенде осылай шартқа отырғанбыз.

Әсем: Жарайды, бүгін соңғы күн, қанша килограмм деп едің?

Әлинұр: 30 кг, бар болса одан да көп, үстіндегі ақшасын келісеміз.

Әсем: Бәсе, осылай сабаңа түссеңші, адамға дікеңдемей. Мен жіберген қызға дозасын беріп, алып қалыңдар, кері жібермеңдер. Ол қызбен келісім шарт біткен. Әйтпесе біреу-міреулерге тіс жарып айтып қояр. Өзі де білмейді не істеп жүргенін.

Әлинұр: Ол жағынан қам жеме, өзіміз қатырамыз.

Көмекшілеріне Әсіресе, анау отырған қызға дозасын көбейтіп салыңдар.

Музыка көтеріліп жіберіледі де, сәлден кейін бәсеңдетіледі.

Көмекшісі: Әлеке, тауар келді. Сен мыналарды дайында. Мына қыздың көзін байла.

Майра: Айуандар, жіберіңдер! Жіберіңдер!

ІІІ эпизод

Көмекшісі: Әлеке, тағы бір клиент келді. Өзі сондай сүйкімді қыз.

Әлинұр: Кіргізіңдер, көрейік сүйкімді қызды. Мыналарды алып кетіңдер!

Балауса: Сәлеметсіз бе!

Әлинұр: адасып жүрген қандай адамсыз?

Балауса: мен бе? Мен сіздің арам  ой, сорақы қылықтарыңызды әшкерелеп, сізді дұрыс жолға салуға келдім.

Әлинұр: ол қандай жол? Балауса? Балауса сен мұнда қалай келдің, жоқ, бұл мүмкін емес.

Балауса: Иә, Әлинұр, сенің тәтті арманың қайда? Осы ма едің арманың? Сен өзің қандай жолға түсіп кеткенсің?! Сен өзі не істеп жүрсің? Сенің миың уланған. Сен қазір ешкімді танымайсың, көрмейсің!

Әлинұр:Жоқ! Балауса, сен олай деме, мен де адам баласымын ғой, мен...

Балауса: мен, мен дегеніңді қой! Сен алдымен қармағыңа түскен адамдарды анықтап біліп ал. Есіңде ме? Мектеп бітірушілер кешінде бәріміз арман-қиялдарымызды айтып, көңілді кеш ұйымдастырғанбыз.

Әлинұр: Иә, иә есімде бәрі, есімде. Қандай күш мені осындай халге жетелегенін білмеймін.

Балауса: Майра құрбың он бір жыл бірге оқыған. Сол қыз қазір сенің қол астыңда, қармағыңа- есірткі арбауына түскен. Саған тауар жеткізіп беріп жүріп қалып қалған. Әрине, бұл жерге өзі қалмаған, сендердің күштеулеріңмен.

Әлинұр: Балауса, сен мұның бәрін қайдан білесің?

Иә, Балауса ол арманға жете алмай осындай жолға түстім. Өзімде білмеймін тағдыр мені қандай жолға түсіргенін...

Балауса: Ендеше есіңді жи, сен алдымен өзіңді емес, бірнеше болашақ жас ұрпақты улап отырсың. Сенің осы уыңмен бүкіл халық улануда. Есірткі, темекі, тағы да басқа улы заттар сенің қолыңда. Ол адам ағзасын улап, есеңгіретіп өз санасын билей алмай отыр. Сен бұл ісіңді таста, менің саған айтар ақылым.

Әлинұр:Жоқ, Балауса, мені енді бұл жолдан тайдыра алмайсың, сен мені көрмеген адамдай келген жолыңмен кері қайт.

Балауса: Мен келдім! Мен сені, Майраны және басқа құрбыларымды құтқару үшін келдім. Маған Майраны көрсет.

Әлинұр: Шынымен сол қыз Майра болса, бетіне қалай қараймын? Адам танымайтын халге жеткенім бе? Мүмкін емес. (орнынан тұрады)

Балауса: Ендеше сол қызды осы жерге алдырт, сонан соң көреміз.

Әлинұр: (көмекшілерге) Өткен жолғы қызды алып келіңдер өзі теріс қарап тұрады.

Көңілсіз музыка қосылады. Көмекші қызды әкеледі, үсті лас, шашы жалбыраған, қолдарында көп ине орындары қалған.

Балауса: (Mайраны құшақтап) Майра, Майра, есіңді жи, мені танимысың, мен Балаусамын.

Майра: Жоқ (былқ-сылқ әлсіз күйінде)

Балауса: Майра, саған не болған? Әлинұрға қарап міне сен өзіңді –өзің танымағанмен бірдейсің. Майра қандай қыз еді. Әлде қыздардың сұрауы жоқ деймісің.

Майра: Есеңгіреп маған, маған ине, денем толқып, басым айналып барады. Айқай, өзін-өзі қояр жер таппай жүреді.

Балауса: Әлинұр, бір амалын тапсаңшы!

Әлинұр:Балауса, Майраны көріп енді есімді жинағандай болдым. Балауса, сен енді түсін, қыз баланың организмі әлсіз келеді, есірткі уынан есін жинай алмай отыр.

Балауса: Ендеше мен осы Майраға, саған және басқалар үшін айтарым. Медицина тілінде нашақор – есірткіге құмар, ауру, адам. Нашақорлық – халықтың денсаулығына, имандылыққа, экономикаға нұқсан келтіретін әлеуметтік зиянды құбылыс.

ІV бөлім

2-жүргізуші: 1- желтоқсан – Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні. Бұл күн жапа шегушілердің қайғы-мұңына, осы жұқпалы дерттің әлем бойынша қауіптілігін түсінетін ниетке толы.

1-жүргізуші: СПИД пандемиясын аумақты, ұлтты, жалпы адамзатты жынысы мен жасына ажыратып жатпайтын, бүкіл жер шарына қаһарын төгіп, бүкіл қоғамды зардаптайтын дүлей күш.

Мұғалім: біз бүгін темекі, арақ, есірткі жайында сөз қозғадық. Жалпы ғасыр дерттерінің қатарында осы үшеуімен қатар СПИД дерті бар. «СПИД – ХХІ ғасыр дерті» деген тақырыпта сіздермен ашық тәрбие сағатын өткізгенбіз, осы тақырып төңірегінде шығармашылық жұмыстар орындалды, сынып оқушыларының арасында сауалнама алынды, суреттер салынды. Енді біздерге ол тақырыпты қайталап айтып жатудың қажеті болмас деп ойлаймын. Барлығыңыздың ол туралы білімдеріңіз қаланып, қалыптасты.

2-жүргізуші: 1) Бүгінгі конференцияда көтеріліп отырған ғасыр індеттері темекі, арақ, нашақорлық, СПИД туралы өз ойларын ортаға салу үшін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Кусаинов А.К. береміз.

2) Ортаға талқыға түсіп отырған мәселелер төңірегінде өз ойын ортаға салу үшін мектеп инспекторына беріледі.

1-жүргізуші: Денсаулық тәрбиесі – ортақ мәселе. Елімізде ғасыр індетіне айналған жат қылықтарды жасөспірімдер бойынан алшақтату әр адамның өз еркіне, біліміне байланысты.

2-жүргізуші:  Жер үстіндегі байлық – адам, оның білімі мен іскерлігі, таланты мен мәдениеті, денсаулығы қоршаған орта мен дос жолдастарына байланысты.

1-жүргізуші: 29 қазан дүниежүзілік алкогольден бас тарту күні. Биылғы 29 қазанда баспасөз беттерінде жарияланған деректерде былай делінген: «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі жанындағы нашақорлық, психиатерапияның республикалық ғылыми тәжірибелік орталығының мәліметтеріне жүгінсек, бүгінде еліміздегі нашақорлықты емдеу ұйымдарының диспансерлік және кеңестік есебінде 245и 716 адам тіркеуде тұр. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштері спиртті ішімдік тәуелділігінен әлемде жыл сайын 2,3 миллион адам көз жұматынын көрсетіп отыр», - деп жазылыпты.

2-жүргізуші: Болашақ Қазақстанның жастары салауатты да, тәрбиелі, шыныққан да шымыр, экологиялық сауатты, ауасы таза көк желекті дамыған елде тұруы керек.

1-жүргізуші: Бүгінгі конференциямыздың қорытынды сөз кезегін мектебіміздің директорына береміз.

2-жүргізуші:

 Адам! Адам!

Бөлісіп уайымды-

Болашаққа болыңдар дәйім-үлгі!

Бір-біріңе болыңдар мейірімді,

Бір-біріңе болыңдар қайырымды,

Дерт шалмасын,

Ешқашан өрт шалмасын,

Алып емен, ақ балтыр қайыңымды.

Бір-біріңе болыңдар қайырымды, - дей отырып, бүгінгі конференциямызды аяқтаймыз. Алтын уақыттарыңызды бөліп, келіп қатысқандарыңызға көп рахмет!

Рухани жаңғыру



.

Пайдалы сілтемелер

Скачать весь прайс

www e gov kz

mon 5 07

banner lib rus

Сенім телефондары!





Скрыть