Директор блогы
Ұстаздар күні құтты болсын!!!
Ұстаздар күні - бұл дәстүрлі әрі бүкілхалықтық мереке десек артық айтқандық болмас. Ұлы ғұламалардың да ұстазы болған, сондықтан болар осы абыройлы міндетті атқарып жүргендерді халқымыз әрқашан ерекше құрмет тұтқан. Ұстаздың әр адамның жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындар кемде кем болар.
"Ұстаз" сөзінің өзі "Отан", "Ар", "Адамгершілік" сияқты қасиетті ұғымдардың қатарынан орын тебуінің өзінде үлкен мән жатыр.
Ұстаз деген – жарық күні ғаламның, Ұстаз деген – анасы ол адамның. Бүкіл әлем мойындайды еңбегін, Сен де одан адам болып жаралдың,
- деп ақын жырлағандай, ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек!
Қазақстанның алдында бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Бұл өз кезегінде ұстаздардың мойнына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда, құрметті ұстаздар! Білім берудің күрделі міндеттерін рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты тұлға ғана шеше алады.